Өмірдің өзінен: "Қазақтың есті қыздарына үндеу"
Өмірдің өзінен: "Қазақтың есті қыздарына үндеу"

Құрметті арлы да ибалы қазақ қыздары. Əне-міне дегенше қыс артынан зымырап жаз мезгілі де жетті. Жаз айлары күннің аптап ыстық мезгілі болғандықтан адамның жеңіл киінуі заңды құбылыс.

Əйткенмен, осы мезгілде қыз балалардың əдеттен тыс жартылай жалаңаштанып, бей-берекет ашық-шашық киінуі əрине ұятты іс əрі денсаулыққа да аса зиянды. 

Мына бір естіген оқиға есіме түсіп тұрғаны. Қазақтың салт-дəстүрін дəріптеп, тіпті дін тақырыбында сөз қозғап жүрген бір басшы ханымға қасындағы қызметкер ер азамат: "Көктем келді. Іштегі кейбір тізесінен киімі жоғары кеткен қыздарға дұрыс киінуді ескертсеңіз", - деп өтініш етеді. Сондағы басшы ханымның қызметкеріне айтқан жауабы мынау екен: "Еркектер өзінің нəпсісіне ие болсын. Жазда мұнан да ашық киінеміз".

Осыған қатысты халқымыз: "Тана көзін сүзбесе, бұқа жібін үзбейді", - дейді. Қанатты сөзді түсінгенге талқылап жатпайын. Ал аузынан жөні түзу сөз шықпаған немесе сөзі мен ісі сай емес əлгіндейлерге не айтасың?!

Атам қазақ қызына бұлай тəрбие бермегені сіз бен бізге бесенеден белгілі. Қызды қырық үйден тыйып: "Есті қыз етегін қымтап ұстайды" деп тəлім көрсеткен. 

Тіпті "Ұлыңды бөтен үйден тойдырма, қызыңды бөтен үйге қондырма" дейді. Сондықтан қоғам ішінде қазақ қыздары ардан аттап, ұятты ұмыт қалдыруға жол бермеуі керек. Сондай-ақ, "жаным арымның садақасы" деп білген жандардың құқықтарына құрметпен қарап, етек-жеңімізді жабатындай дұрыс киіну қажет.
     Жаз мезгілдерінде сыртында қорғанышы жоқ əрі арзан конфеттің құрт-құмырсқаға тез-ақ жем болғанын кездестіре аламыз. Алайда құнды бағалы конфет əдемі қағаздармен оралып, өзгенің көзі түспейтін орындарда тұратыны бəрімізге аян. Бұл бір мысал. Екінші, сонау замандары əжелеріміз күндіз былай тұрсын, түнде "періште қашады" деп шашын да ашық қалдырмауға тырысқан. 
Осындай текті халықтың ұрпағымыз. Сол үшін қазақ қыздары етегіңді қымтап ұста. Желге де, бөтен көзге де аштырма. Бір-бірімізбен бөлісіп қыздарымыздың арлы болып, ұятты киінуіне ат салысайық, бауырлар!

Қайырбек Отызбаев

дінтанушы,

maturidi.kz

Бадбас НурдыбекБадбас Нурдыбек
9 лет назад 15471
6 комментариев
О блоге